ІЛИЯС, СӘКЕН, БЕЙІМБЕТ: ҮШЕУДІҢ ҮНІ

Ілияс Жансүгіров. Сәкен Сейфуллин. Бейімбет Майлин. Олар үшеу еді. Қазақ әдебиетінің барлық жанрына елеулі үлес қосқан тегеурінді тума таланттар еді. «Таспиқтың үзілген тасындай» бір жылы (1894) туған бұл үш құрдас – бір жылы (1938) нақақтан-нақақ атылып кетерін білмеген де, сезбеген де болар?! Иә, олардың пешенесіне 44 жылдық ғұмыр жазылыпты. Туған халқымыз «үш арыс», «үш бәйтерек» деп мақтан тұтып, төбесіне көтерген болатын. Қазақ әдебиетіне, мәдениетіне, өнеріне төңкеріс тудырған үшеудің басы туған ұлысының тағдыры таразыға тартылған алай-дүлей кезеңде табысып, ұлы мұрат жолында қосылыпты. Біреуі-Жетісудың даласынан болса, екіншісі – Сарыарқаның кіндігінен. Ал үшіншісі – Тобылдың жағасында өсіп-өнген. Осы орайда, бүгінгі мақаланы  алдымен Алаш арыстарының өмірі мен поэзиясына арнауды жөн көрдім. Қазақ поэзиясының  үш бәйтерегі атанған Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіровтің де ғұмырлары тым қысқа болған.

Сәкен Сейфуллин 1894 жылы қазіргі Қарағанды облысы Ақадыр ауданы Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Ол Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған. Қайраткердің азан шақырып қойған шын есімі – Сәдуақас болған. Қазақ поэзиясында сері ақын атаған Сәкен Сейфуллиннің бойындағы ақындығы мен шешендігі әкесі Сейфолладан дарыған екен. Ол өз заманында бойында ақындығы бар, домбыраның құлағында ойнайтын күйшілігі бар, өнер иесі болған. Сейфуллиндердің отбасында бес бала болған. Олар: Мәлік, Әбен, Рахима, Сәлима мен Қалима. Алайда қыздар мен Әбен жастайынан дүниеден озып, Сәкен мен Мәлік қана аман қалған екен.Ақынның шығармашылыққа ден қойғаны сол еді, ол бірден патшалық Ресейдің назарына ілігіп, саяси қуғын көреді. Десе де ақын қайраткерлік ғұмырын тоқтатпай, «Бірлік» мәдени білім беру қоғамын құрады, сондай-ақ «Өткен күндер» өлеңдер жинағын жарыққа шығарып үлгереді. Сәкен заманында оқ бойы озық тұрып, 25 жасында-ақ үкімет басқарады. Билік тізгінін ұстағанда есіл ер ұзақ уақыт «киргиз» аталып келген елдің тарихи атауын қайтарып, арнайы қаулы шығартты. Міне, содан бері ұлтымыз қайтадан «Қазақ елі» аталады. С.Сейфуллин қазақ тілінің мәселесін көтеріп, кеңсе тіліне айналдырады. Бір жылдың ішінде ана тілінің мәртебесін көтеруге арналған бес көлемді мақала жазыпты. Ақын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін көріп, бірден патшалық Ресей емес, халық тарапы жағына шығады. Сол жылдары оның атақты «Тар жол, тайғақ кешу» туындысы дүниеге келеді. «Колчак» түрмесіне арналған бұл туындыны ол сол түрмеде отырған кезінде жазып, одан әрең дегенде қашып шығады. Сейфуллинің тағдыры қиын сынақтарға толы. Ол көзі тірісінде екінші жары Гүлбахрамнан туған қызы Лаура мен ұлы Аяннан айырылып қалады.  Қазақ әдебиетінің серісі атанған С. Сейфуллиннің соңында «Альбатрос», «Қызыл ат» поэмалары, «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда», «Дауыл алдында», «Жемістер» атты романдары және басқа да туындылары қалады. Аз ғана ғұмырында осынша мол мұра қалдырған ақтаңдақ ақын тек 1957 жылы ақталып шығады.

Қазақ поэзиясының «Би ағасы» Қазақ әдебиетінің үш бәйтерегінің бірі – Бейімбет Майлин көрнекті жазушы ретінде ел есінде қалса, Ілияс Жансүгіров қазақ поэзиясының құлагері ретінде халық жадында сақталған. Бейімбет Майлин 1894 жылы Қостанай облысы, казіргі Бейімбет Майлин ауданында дүниеге келген. Жастайынан жетім қалған ол, тағдыр тәлкегін көп көрген. Ақын 1911-1915 жылдар аралығында сауатын ашып, 1916-1919 жылдары ұстаздықпен шұғылдана бастайды. Сол жылдары ол өзінің атақты «Шұғаның белгісі» әңгімесін жазады. Ақын өзінің барлық өлеңдерінде Алаш идеясын жақтап, халықтың мұңын жоқтайды. «Би аға» есімімен танылған Б. Майлин «Байдың қызы», «Рәзия қызы», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Хан күйеуі», «Кемпірдің ертегісі», «Бөліс», «Мырқымбай» поэмалары қазақ әдебиетінің асыл мұрасы болып қала бермек.

Ілияс Жансүгіров – қазақ поэзиясының Құлагері. Өмірмен ерте қоштасқан тағы бір репрессия құрбаны – Ілияс Жансүгіров. Оның соңында «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» поэмалары, «Жолдастар» романы т.б. қалған. Сонымен бірге ол аударма саласында өшпес мұра қалдырған.

Ілиястың да, Сәкеннің де, Бейімбеттің де қаламына тән қасиет – елдің мұңы мен халықтың аянышты хәлі. Ал, Ілияс болса қазақтың этнографиясы мен ұлттық музыкасы, өнері мен мәдениеті туралы қаншама өзекті мәселелерді көтеріп, түйінін шешті. Әңгіме жанрының шебері Би-ағаңның сойылдай тілінен қазақтың жадағай тіршілігі, ауыр тұрмысы мен большевиктерден көрген қасіретін шынайы суреттеген публицистиканың ең озық үлгілері туды. Үш ердің шығармалары уақыт сынынан өткен, әлеуметтік маңызы зор, идеялық-көркемдік сапасы кемел мұраға айналды.

Бүгінгі жас әдебиетшілер мен журналистерге дәріс оқығанымызда үнемі осы үш қалам қайраткерінің публицистикалық мұрасын мысалға келтіреміз. Фельетон жанрында Ілиястай жүйрік журналист жоқ. Сатираның көрнекі түрлерін Бейімбет түрлентсе, Сәкен журналистік зерттеу ісіне маманданған екен. Ілекең – қазақтан шыққан дипломды һәм кәсіби журналист. Ол – Мәскеудегі Мемлекеттік журналистика институтын тамамдаған алғашқы қазақ баласы. Ілекеңнің журналистік мұрасы алуан түрлі, сан салалы. Құлагер ақын театр, кино мәселесін жиі-жиі көтеріп, сол саланың кәсібиленуіне себепкер болды. Би-ағамыз қазақтың басына кесапат болып келген ашаршылық мәселесіне жанкештілік танытып, кеңес билігінің зиянын және күшпен ұжымдастырудың қасіретін қайта-қайта сынап жазып, өзінің қарсылығын білдіріпті. Қызыл үкіметтің саясатына имандай сеніп, бар күш-жігерін, жастығын соның орнауына арнаған қайран Сәкен ақырында большевиктік-социалистік кері идеологияның құрбаны болды. Рас, Сәкен қызыл жүйені жырлады, десе де қызыл биліктің көзқарасын қазақтың тұрмысына бұруға қызмет етті. Шығармашылық ұйымдарды басқарған шағында да қазақтың өміріне алаңдап, ел мәселесін жазды.

Үш бәйтеректің журналистік қызметіне назар аударғанымызда, үшеуі де өздері басқарған қазақ баспасөзін құлпыртып, тақырыптық-мазмұндық жағынан байытқан екен. Редактор деген биік лауазымға лайықты болған. Әлеуметтік-қоғамдық позицияны көтергенде үшеуінің жазу стиліне, сөзді құбылтуына, ойды ойнатуына қайран қаласыз. Әлеуметтік тілі, өткір ойы, сезгір сезімі ерек. Қалам қызметіне ерте араласқан бұл үштіктің әдеби-публицистикалық мұрасы – ұлттық әдебиетіміз бен журналистикамыздың баға жетпес мәдени мирасы. Жазған-сызғандары өнегеге, тағылымға айналған асыл ағаларымыздың бүркеншік әдеби есімдері әлі күнге дейін нақты анықталып, зерттелген емес. Егер, зерттеуші қатарластарым ХХ ғасыр басындағы қазақ журналистикасын індете зерттеуді қолға алса, ғылымдағы басы даулы, түйткілі көп мәселелердің қыр-сырын ашып, әркімге телініп жүрген шығармалар мен мақалалардың төл авторын анықтауға мүмкіндік туар еді.

Сәкен басқарған «Қызыл Қазақстан», Ілияс қызмет еткен «Жетісу әйелі», «Тілші», «Әйел теңдігі», Бейімбеттің қолтаңбасы қалған «Ауыл» газеттерінің тігіндісін ақтарып, әр нөмірін хаттап, бүгінгі жазуға түсіріп, әрқайсысын жеке-жеке өз алдына бөлек кітап ретінде шығарса, ғылымның дамуына зор үлес болар еді. Биылғы 130 жылдық мерейтой аясында атқарылар игі істің бірі осы болса, тұлғаларды тану, өткен тарихымызды ұмытпау, зерттеу – бүгіннің міндеті ғана емес, азаматтық парызымыз. Ұлы тұлғалаларымыздың қажырлы еңбегі, ұлтқа деген адалдығы біз үшін үлкен мақтаныш. Биылғы 130 жылдық мерейтойлары қазақ халқының ұлы дәстүрлері мен құндылықтарын жаңғыртудың бір көрінісі болып табылады.

Бөлісу: