Бауыржан Момышұлы афоризимдерінің қазақ әдебиетіндегі тұлғалардың афоризмдерімен ұқсастығы

Бауыржан Момышұлы афоризимдерінің қазақ әдебиетіндегі тұлғалардың афоризмдерімен ұқсастығы

Бауыржан Момышұлы – қазақтың кешегі от тілді, орақ ауызды, әрі ақын, әрі батыр тұлғаларының заңды жалғасы, түйіндей айтсақ, ұлттық рухтың ХХ ғасырдың басындағы айқын көрінісі. Бұдан кейін Баукеңді әскери тарихшы деп атауға болады. Оның үстіне ол фольклор білгірі болғандықтан, өзінің тамаша мақал-мәтелдерін шығарды. Ең соңында Баукең қазақ әскери әдебиетінің негізін салушы болды. Мемлекет болғаннан кейін әскери әдебиет керек. Әскери әдебиет – патриотизмның мәйегі екендігі бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе.

Бауыржан Момышұлының қаламынан туған мақал-мəтелдерінде, нақыл сөздерінде əрбір сөз тіркесінде терең мағына бар. Оларды өсиеті өміршең нағыз нақыл сөз бен мақал-мəтелдер десек қателеспейміз. Б. Момышұлының жүз жиырма үштен астам мақал-мəтелдері бар. Ендеше Бауыржан Момьшұлының мақалдары да құрғақ жерде пайда болған нəрсіз, сөлсіз, əйтуір ұйқастыра салған үйлесім тапқан бос сөздер жиынтығы емес. Ол – ойдан, толғаныстан, өмірлік тəжірибеден, көңілді селт еткізер бір сəттік құбылыстан туған, халық даналығының мəйегінен қанып шыққан жанды сөз. Оны біз əдебиетші ғалым академик Р. Бердібаевтың ойымен келтірсек: «Əйгілі қолбасшы И.В. Панфилов «Өткір сөз бен үшкір найза батыл шабуылда біріне-бірі көмек болады» деп текке айтпаса керек. Василий Клочковтың «Шегінетін жер жоқ, артымызда Москва!» деген ұлағатты сөзі сияқты Бауыржан Момышұлының да қанатты сөздері майданда кең тарағаны мəлім». Жалпы Бауыржан Момышұлы тудырған əр мақалдың өзіндік бір тарихы бар. «Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады» деп Асанқайғы айтқандай, іште жатқан ой түбінде сыртқа шықпай ма?! Ол жай шықпай, алып таудың астында талай жылдар, ғасырлар бойы жиналған ыстық лавадай бар күшіне лықсып шығып, бар қысымымен бұрқ ете қалады. Ондай өткір сөздің қызуы, оты күшті болады. Міне, Бауыржан Момышұлының да ойы осындай ыстық қордаланған сезімдерге толы болып келеді. Сонымен бірге ол тұнық та терең, сабырлы да байсалды сөз асылы, ұрпақтан-ұрпаққа қалатын,  ұлағатты ұстаздың сыйындай нақыл сөздер.

Бұл жайында Бауыржан Момышұлының соңғы он жыл өмірінде бір болған зайыбы Ж. Егембердиева «Өмірінің өзі дастан» атты естелік роман эссесінде: «Баукең – жазушы ғана емес, ақын адам, қазақ халқының бай мақал-мəтелдерін, фольклорын, өткен-кеткен тарихын терең білетін зерделі, зерек, өзі қанатты мақал-мəтел жазып кеткен білімдар, ғұлама да», – деп жазады.

Батырлық пен батылдық иесі Бауыржан Момышұлы – тау тұлға. Аты аңызға айналған батырымыздың  сұрапыл соғыс жылдары ерлігі мен  өжеттілігі келешек ұрпаққа ұлы тәрбие болып отыр. Бауыржан Момышұлы

алмас қылыштай өткір де, қайсар  «сөз қадірін өз қадірі, өз қадірін ел қадірі» деп білген, бағалаған ұлы тұлға. Ұлы Отан соғысының батыры   атамыз  Бауыржан   Момышұлының   жеке басына тоқтала кететін болсақ,ойшылдығымен, отаншылдылығымен, ұлтжандылығымен, батырлылығымен жоғарғы қасиеттерге ие болған асыл тұлға.

Бауыржан Момышұлының бүгінгі таңда қанатты сөздерінің жүзге тартасы халық мұрасына енген.  Осы асыл мұра – Бауыржан афоризмдерінің өзге әдебиет өкілдерінің афоризмдерімен ұқсастығы турасында сөз қозғасақ. Көтеріліп отырған тақырып бір болған соң, әр түрлі пікір қалыптасса да, шығар шешім бір. Сол сияқты, афоризмдердегі ұқсастық та осыған келіп саяды. Әртүрлі пікір болғанмен көтергені ортақ. Мысалға, Бауыржан Момышұлының «Батырға Сырдың суы сирағынан келмейді, қорқаққа батпақ та кедергі, шалшық та бөгет» деген қанатты сөзіне Б.Ерғалидің «Нағыз жігіт – жауды көрсе гүрілдейді, Қорқақ байғұс – көлеңке көріп дірілдейді» деген афоризмі ұқсас келіп тұр. Бұл бір ғана ұқсастық. Және тағы да біршамасын келтіруге болады. Ендеше соған көшейік.

Мысалдың басын Ақтамбердіден бастайық. Ақтамберді «Балпаң да балпан кім баспас — басарға балтыр шыдамас, Батырмын деп кім шаппас— шабарға жүрек шыдамас» деп толғанса, Бауыржан бұл турасында «Жасық жан ержүрек бола алмайды, ол жанқиярлық ерлік жасауға да қабілетсіз» деген ойға тоқталады.  Бұндағы ортақ пікір – батырлық құр сөзде ғана болмайтынын, оған рух та, жүрек те қатысуы керектігін айқындайды.

Келесі бір мысалға «Туған ұлдан не пайда-қолына найза алмаса, атаның жолын қумаса» деп келетін Махамбет ойлары мен Бауекеңнің «Ежелден ер тілегі – ел тілегі, адал ұл ер боп туса – ел тірегі» деген сөздерінің арасындағы ұқсастыққа тоқталсақ. Ерте кезден-ақ, ұл балаға-өрлік, батылдық, өжеттік тән болып келген. Ер атына сай болу қашан да болсын маңызды болды. Елдің ертеңі де, өткені де сол ер азаматтарға байланысты. Сол себептен, ел бүгіні мен ертеңі үшін ұлтжанды әрі елі үшін жанын қиыр ерлердің мол болуы елді байытатын, бар қылатын, көркейтетін басты күш екендігін ұқтыру осы азаматтарымыздың асқақ армандарының бірі болды. Тіптен, афоризмдерінде жүрек қалаулары сайрап тұр.

Ендігі мысал, Мұхтар Әуезовтан болсын. Әуезовтың пікірінше «Азамат сыны-ерлік, ерлік сыны-елдік». Бауыржан афоризмдерінде бұл турасында бірнеше мысалдар бар. «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті», «Хас батыр ұрпағы бардың өлсе де арманы жоқ», «Сын ерді шыңдайды,  қорқақты қинайды». Жоғарыда жазып өткен афоризмдерім Әуезов түсінігін ашуға жол бастап тұр. Азамат ерлік жасамай ер бола алмайтынын және ерлікке (жеңіске) қол жеткізбей ел – ел бола алмайтынын атап айтады.

Келесі кезекте, Тоқсары сөзімен «Ерлігі бар-елге жағар». Бауекеңнің сөзімен «Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты». Әркім батыр болар-ақ. Дегенмен, аты шығып, елге аян болғандардың ғана тарихы анық.

Соңғы мысалға Шалкиіз ақынның «Шешен жігіт – жол бастар, батыр жігіт – қол бастар» деген афоризмін алып, Бауыржан Момышұлының «Батыр

– батыр емес, батырларды бастаған батыр» деген афоризм ұсынамын.

Батырлық – ең әуелі жауапкершілікті сезінуде, жүректілік пен табандылықта жатыр. Бұларсыз  батырлық – үп еткен желдей құнсыз болар еді.

Қазақ әдебиетінде қанатты сөздер қаншалық көп болса, ұқсастық та соншалық молынан кездеседі. Оны өмірде де көріп, аңғаруларыңыз анық дүние. Мен ұсынған бес мысал қозғаған мәселенің мәнін аша алды деп ойлаймын. Бауыржан Момышұлы афоризмдері – батырлыққа, ерлікке, адамдыққа бағытталғандықтан, өзге афоризмдермен де байланысы ерекше. Себебі, батырлық, ерлік тақырыптары қазақ әдебиетінде өте көнеден келе жатқан және көп қозғалатын тақырып. Дәл осы себепті, Бауыржан афоризмдері мен өзге әдебиет өкілдерінің афоризмдерін қарастыруға шештім.

Батыр сөзін ұрпақтары жаттап өсіп,оның қанатты сөздері мен ерлік істері туралы ашық сабақтар, түрлі шығармашылық кештер, ғылыми конференциялар өткізіп жатса, батырларымыздың ұрпақтары – патриоттық сезімі мен туған жерге деген сүйіспеншілігін ешқашан жоғалтпақ емес .

Бауыржан Момышұлының адам баласының ой-өрісін, ерік – жігерін рухтандыратын, қанатты ұран сөздері бүгінгі ұрпаққа үлгі, келешекке даңғыл жол болып мәңгілік жасай бермек .

Сөз қорытындылай келе, ел тәуелсіздігімен еңсе көтерген тұста, Бауыржандай асыл қазыналарымызды зерттеп, зерделеуіміз бүгінгі сойқан заманның заңы деп ойлаймын.Өйткені, қалың оқырман Бауыржан Момышұлының мән-мағыналы нақыл сөздеріне мұқтаж десек, артық айтқандық емес! Ол әлем әдебиетінен өз орнын алып, қазақ әдебиетінде жастарды тәрбиелеуде айрықша із қалдырды. Яки,жастарды тәрбиелеу әдісінің патриоттық тұлғасы –Бауыржан. Ол – майданда да, әдебиетте те мәңгілік батыр болып қала бермек!

Бөлісу: